Жуыр арада Олимпиадаға кететін біздің бессайысшылармыз белгілі болып, ойындарға белсенді дайындалып жатқан уақытта, біз Қазақстанның ерлер құрамасының тәлімгері Вадим Чудновскиймен әңгімелесуді жөн көрдік.

Әңгіме барысында біздің спортшылардың лицензиялық кезеңінің қорытындысын шығарып, атап айтқанда Лондонға кетіп бара жатқан поездың соңғы баспалдағына іліккен Рустем Сабирхузин туралы сөз қозғадық.

Рустем Сабирхузин үшін лицензиялық кампанияның қорытындысы туралы не айтар едіңіз?

– Мен оның Лондонға лицензия алуын заңдылық деп есептеймін. Ол лицензияны Чэндудегі Азия чемпионатында алуы керек еді. Өкінішке орай, лазерлік пистолеттер бізге жарысқа бір күн ғана қалғанда жеткізілді, ал халықаралық функционерлер бізге оны кем дегенде үш ай бұрын жеткізуі тиіс еді. Кез келген кәсіпқой қаруды жақсы меңгеру үшін айлар кететінін жақсы біледі. Қазір ол орта есеппен алғанда 20-30 секундқа тезірек атады, ал Чэндуде оған 5 секунд жетпеді. Ильященко туралы да айтарым сол. Нәтижесінде біз дайындық жоспарын ауыстыруға мәжбүр болдық. Барлық іріктеу жарыстарына қатысуға тура келді. Ильященко едәуір жас болғандықтан, оған бұл қиын болған жоқ. Ал шын мәнінде нашар жағы – біз жаттыққан жоқпыз, бар күшімізді салып жарысқа қатыстық. Олимпиада алдындағы кестеміз осындай болды. Шарлоттадағы (АҚШ) Әлем кубогының кезеңінің финалына шықпау да жоспарымызды бұзды. Осы уақытқа дейін түсінбейтін бір мәселе - неге семсерлесуден екеуінің де нәтижесі жарыс басталғанға бір апта қалғанда күрт төмендеп кетті. Рио-де-Жанейрода (Бразилия) Рустем жартылай финалда семсерлесуден Лесунмен бір компанияға шыға білді, ал Ильященко әлем чемпионатында 2-ші нәтиже көрсетті. Олимпиадаға дейін дайындыққа және күшімізді қалпына келтіруге бізде жеткілікті уақыт бар, осы аралықта біз іріктеу барысында жіберген кемшіліктерді жоя алатындығымызға сенімдімін.

Сіз оған спортшы ретінде қандай баға берер едіңіз?
– Рустем, еш күмәнсіз, үлкен спортшы. Ол Россия құрамасында екі мәрте әлем чемпионы болған және 2003 жылы жеке есепте Әлем кубогы финалының жеңімпазы, осы жарыста әлемнің түкпір-түкпірінен 36 мықты спортшы жарысқан болатын.Ең бастысы, ол іске кәсібилікпен қарайды. Ол Россияда да, кейіннен Қазақстанда да жас спортшылар үшін үлгі бола білді. Менің оны Қазақстан құрамасына тартуымдағы басты мақсатымның бірі осы еді. Жастар үшін алдында нақты үлгі алатын тұлға болғанда дайындалу жеңілдеу болады. Жас бессайысшылардың алға жылжуында (2010 жылғы әлем чемпионатында 17-орын және 2011 жылы 8-орын) осы да себін тигізді деп ойлаймын.

Олимпиада өткен соң ол Қазақстанда өз мансабын жалғастырады ма?
– Спорттық мансабын жалғастыру туралы біз маусым аяқталған соң айта аламыз. Бұдан басқа, дәрігерлердің де пікірін есепке алу қажет.

 


   Егор Ильин